толығырақ...

«Кәсіптік-техникалық мамандықтар: еңбек нарығының сұранысы мен болашағы» тақырыбында облыстық семинар

2025 жылғы 26 қарашада Қызылорда облысының білім басқармасы және Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі «Кәсіптік-техникалық мамандықтар: еңбек нарығының сұранысы мен болашағы» тақырыбында облыстық семинар өткізді.

Іс-шараға облыстық білім басқармасының өкілдері, жұмыс берушілер, әлеуметтік серіктестер, ТжКБ ұйымдарының басшылары және сала мамандары қатысты. Баяндамашылар қатарында Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Есенбаев Бекжан Шахизатұлы, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Сыздық Пірмұхаммед Айтпайұлы, И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Жүнісов Абайбек Талғатұлы, «Қызылорда жылу орталығы» МКК өкілі Байкен Нұрлан Әбдуғаппарұлы және Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің директоры Бисенова Маржан Қылышбайқызы сөз сөйледі.

«Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторы – еңбек нарығының сұранысына сай кәсіби және техникалық мамандарды даярлау. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды.

Колледждің басты мақсаты – заманауи технологияларды меңгерген, кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандарды даярлау. Біз жаңартылған білім беру бағдарламаларын енгізіп, дуалды оқыту арқылы студенттердің теория мен практика байланысын күшейтеміз. Заманауи шеберханалар мен зертханалар білім сапасын арттыруға бағытталған.

Студенттердің 60%-дан астамы өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр, түлектердің 80%-дан астамы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, студенттер «WorldSkills» чемпионаттарына қатысып, халықаралық деңгейдегі құзыреттілікті көрсетуде», - деді колледж директоры Бисенова Маржан Қылышбайқызы.

Семинар барысында «Болашақ маманның бір күні» атты Workshop Vision ұйымдастырылып, қатысушылар пікір алмасты және ұсыныстар айтты. Сондай-ақ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «Қызылорда нан» ЖШС мекемелерімен меморандумға қол қою рәсімі өткізілді.