толығырақ...

“Бір ел – бір кітап” акциясы

Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын “Бір ел – бір кітап” акциясы ұлттық әдебиетіміздің асыл мұрасын кеңінен танытып, оқырманның рухани мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. 2025 жылға қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалып, олардың туындылары республика көлемінде қайта насихатталуда.

Осыған орай, Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі кітапханасында «Бір дәуірдің қос үні» атты мәдени-рухани іс-шара өтті. Шара барысында НО-25-0 оқу тобының 1-курс білім алушылары классик жазушылардың шығармаларынан әсерлі үзінділер оқып, өздерінің көркем сөз оқу мәдениетін көрсетті.

– Жоламанова Нұрбақыт Тәкен Әлімқұловтың «Қараой»,
– Маликова Айша «Телқоңыр» әңгімелерінен,
– Алдаберген Анель «Халық» өлеңінен үзінді оқыса,
Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елім» өлеңін Өтемісов Жансерік, «Бір үзім нан» әңгімесін Айтуған Ақнұр нақышына келтіре орындады.

Кітапханашы Айымкүл Омарқызы арнайы ұйымдастырылған тақырыптық кітап көрмесіне шолу жасап, жазушылардың өмір жолы, шығармашылық ерекшелігі мен әдебиетке қосқан елеулі үлесі жөнінде мол мағлұмат берді. Ал кітапханашы Айгүл Әбутәліпқызы «Акцияның мақсаты – тек оқу ғана емес, оқығаннан ой түю, ұлттық құндылықтарымызды тану мен дәріптеу» екенін атап өтті.

Іс-шараның түпкі мақсаты – білім алушыларды кітап оқуға баулу, оқырмандық мәдениетті қалыптастыру және өскелең ұрпақты ұлттық әдебиетіміздің рухани құндылықтарымен сусындату.

«Бір дәуірдің қос үні» атты бұл рухани кеш студенттерге әдебиет әлемінің тереңдігін сезіндіріп, классик жазушылардың тағылымды мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген мазмұнды мәдени шара болды.