толығырақ...

«ЖАМБЫЛ – ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ГОМЕРІ» АТТЫ ӘДЕБИ САҒАТ ӨТТІ

Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының ұлы тұлғасы, жыр алыбы, ақын, жырау, абыз қария Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жамбыл – қазақ даласының Гомері» атты әдеби сағат өткізілді. Тағылымды іс-шараға колледждің ВТ-25о, НО-25о, ОП-25о, ЭС-25о оқу топтарының білім алушылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды жалғаған ұлы жырау, қазақ халқының біртуар перзенті Жамбыл Жабаевтың мол мұрасын жас ұрпаққа таныстыру, рухани құндылықтарын дәріптеу және ұлттық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру.

Әдеби кеш барысында қатысушылар ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылығына тереңірек үңіліп, оның Жамбыл тауының баурайында дүниеге келуі, 13 жасынан домбыраға әуестенуі, айтыс өнеріндегі даралығы, поэтикалық импровизацияны шебер меңгеруі және «қызыл жолбарыс» бейнесіндегі киесі туралы қызықты деректермен танысты. Сонымен қатар жыр дүлдүлінің шығармаларының әлемге танымал болуы – оның ұлылығын айқындай түсетіні атап өтілді.

Кеш аясында колледж білім алушылары Сыздықова Айгерім, Қоңырбаева Аружан, Ғазиз Айғаным, Қуандықов Мирас ақынның тебіреністі толғау-жырларын жатқа оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Іс-шара соңында «Екі ғасыр куәсі – ұлы Жамбыл» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылып, ақынның қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан зор үлесі және «Халық ақыны» ретіндегі тарихи рөлі кеңінен насихатталды.